(қобызшы Хамидолла Шәткеновтің дүниеге келгеніне 125 жыл)

Қорқыттан бастау алды делінетін қобызшылық өнері қазақ даласына кеңінен тараған. Осынау күрделі аспаптың негізгі насихаттаушылары бақсылар болып келгені де жасырын емес. Бойына адамзат баласы түсіне бермейтін ғажайып қасиет қонып, тылсым дүниенің жасырын жатқан құбылыстарын байқай алатын, өзі де жұмбақ сырға толы кереметтер көрсете алатын бақсылардың өнері былайғы жұртты таңырқатып кететін хикметі мол өнер. Өз бойына емшілік, көріпкелдік, аспаптық орындаушылық, т.б. қасиеттердің басын қосқан бақсылық өнер халқымыздың ұлттық мәдениетінің ажырамас бір бөлігі еді. Ескі діннің сарқыты ретінде қай заманда да қуғын-сүргін көріп келген осы өнерді бүгінде жоғалып бітті деуге болатындай. Дегенмен адамзат дүниесі мен тылсым әлемнің арасын жалғастырған бақсылар туралы аңызға бергісіз әңгімелер ел арасында молынан сақталған. Торғай топырағында да ертеде өткен Қойлыбай, Баубек, Зәкәрия, Әлмағамбет бақсылар туралы ауызекі әңгімелер жеткілікті. Ел есінде қалып, өнері жайлы сан қилы сөз айтылатын сондай бақсылардың бірі Хамидола Шәткенов еді.

Хамидолла 1901 жылы Торғай уезінің Тосын болысында дүниеге келген. Ескіліктегі ел жігімен алып қарағанда Хамидолла өз аймағындағы сүйекті, белгілі орыннан шыққан тұқым. Ол Шақшақ Арғынның ішінде Аю деген рудан. Арғы атасы Елібай қазақ-жоңғар соғысында ел қорғап, Шақшақ Жәнібектің серігі болуға жараған айтулы батыр кісі болған. Бергі аталарынан Қазанғап, Қазбек деген кісілер ел билігіне араласып, халық арасында би ретінде танылған. Жәндірдің Қазанғабы (1785 – ?) патша заманында 41-ші дистанцияны басқарып, Тобыл мен Торғай аралығында көшіп қонып жүрген. Қазанғаптың ұлы Қазбек 1868 жылғы әкімшілік реформадан кейін Тосын болысының №2 ауылында би болып сайланған. Бұлар патша үкіметінің қызметінде болғанымен, қазақтың қазақтығын, дінін, дәстүрін сақтау үшін шама-шарқынша еңбек еткен жандар. Атақты Қалқай ишанның ұрпақтарының қолында сақтаулы тұрған құжаттарда Қазанғап бидің Қалқай ишанға қол беріп, оның өз аймағынан зекет нәзір алуға келісім бергені, өзін пір ретінде танығаны туралы жазбалар сақталған.  Аталған қолжазбада:

«Жәндірұлы Қазанғап бидің Хазрет ишанға дахил (өткендердің) аттары былай: Тәуірбай Қазанғапұлы, Ошақбай Қазанғапұлы, Бектемір Қазанғапұлы, Қазыбек Қазанғапұлы, Сомтемір Қазанғапұлы, Байталас Қазанғапұлы, Ерталас Қазанғапұлы, Күнталас Қазанғапұлы…  хазрет Жалаңаяқ ишанның орнындағы Ауыз ишанға және хазрет Марал ишанның орнындағы хазрет Қалмұхаммед ишанға бұл айтылған күллі жамағаттар ықылас ен сенімдері мен хазрет ишан сіз зат шарифке дахил (өту) болдық деп тоғман салып, мөрімді бастым… [Марал ишанның ұрпағы Омаров Мұхамедхан Қасымқанұлының жеке қорынан].

Бұл құжат Қазанғап бидің тек саяси билікте ғана емес, ұлтымыздың рухани бірлігін, имандылық жолын сақтауды көздегенін көрсетеді. Хамидолланың атасы Төребек осы Қазанғап бидің ең жақын ағайыны (Ақмырза – Жандыр – Қазанғап, Ақмырза – Сандыбай – Төребек). Төребектен Сауытбай мен Шәткен, Сауытбайдан Хамидолла туады. Бірақ Хамидола жасынан Шәткеннің бауырында өскен. Сондықтан құжаттарда да Шәткенов болып жазылады.

Хамидоллаға бақсылық қасиеттің қонғаны он екі жасында деседі. Ағайындарының айтуы бойынша ел көшейін деп жатқан шақта Хамидолла қатарлас құрбысымен ойнап күрескенде, шамасы жетпей жығылып қалады. Соған ашуланып қайнап жатқан құрттың астындағы шоқты алып жей бастайды да талып қалады. Жиналған жұрт «мына бала енді өледі-ау» деп ойлап, жеке киіз үйдің ішіне ақ матаға жатқызып қояды. Арада үш күн өткенде бала есін жиып қағаз бен қалам сұрап «мені арғы аталарым мазалап жатыр, аруақ қонып тұр, сонау жерде шебер бар, соған қобыз істетіңдер» деп айтады. Үйдің үлкендері баланың айтқан шеберіне барып, екі атан өгіз беріп қобыз істетіп әкеледі.  Бір ғажабы бұрын-соңды қобыз ұстап көрмеген бала Хамидолла қолына алған қобызын күңірентіп бірден тартып кетіпті деседі. Хамидолланың ағасының баласы Уахитұлы Бейбітшіліктің айтуы бойынша бала бақсы ең алғаш Бөкен деген кісінің жынданып ауырған әйелін емдеп жазыпты. Бөкен ем қонбаған әйелін арбаға байлап алып келеді. Бақсы оның келе жатқанын біліп жеке үй тігіп күтіп отырыпты. Ауылға келгенде «әйелді шешіп алып келіңіздер» дейді. «Ойбай, болмайды, шешілсе бой бермей бәрін құртады» дегендеріне қарамай қолына сапы алып, әйелді босатып жібереді. Қол-аяғы байлаудан босаған әйел «ой, бауырымдап» бақсыға қарай жүгіргенде, Хамидолла оны жерге алып ұрып, сапымен басын шауып тастайды. Жұрт «өлтірділеп» шулағанда қолына қобызын алып, сарын айтып, ойынын бастайды. Арада біршама уақыт өткен соң керегеге іліп қойған басты алып денесіне қосады. Сол кезде өлді деген әйел «уһ» деп басын көтеріпті. Бақсы Бөкенге «жыны өте қатты тиген екен, енді Алла қаласа беті бері қарар, мен он күн емдеймін, сіз үйіңізге бара беріңіз» дейді. Хамидолла әлгі жынданған әйелді емдеген соң, сынақ жасап оның қолына қапшық беріп, «тезек теріп кел» деп жұмсайды. Ол алғашқы жолы сиырдың жас жапасын алып келеді. Екінші жібергенінде шала кепкен тезек теріп келіпті. Соңғы жібергенінде барып, кепкен  құп-құрғақ тезек теріп әкеледі. Мұны көрген бақсы күйеуін шақыртып, «енді сіз даладан жапалақ ұстап әкеліңіз, тек жаралы болмасын» дейді. Ол жапалақ ұстап әкелгенде әйелін арбаға отырғызып, артыңа қараушы болма» деп тапсырып, құсты басынан айналдырып ұшырып жібереді. Құс қырдың басына дейін зорға ұшып шығады. Хамидолла «мынау әйелдің ауруы өте қатты екен» деп айтыпты. Қазір сол Бөкеннің ұрпақтары Торғайда тұрып жатыр.

Хамидолла бақсыға қатысты осы секілді түрлі ғажайып оқиғалар ел ішінде аңыздай болып айтылады.

Хамидолла ес біліп, ер жеткен шағы дүрбелең толы кезге тап келді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, онан соңғы азамат соғысы, 1920-шы жылдардағы ұжымдастыру – барлығы да Торғай өңіріне тауқымет, тақсірет әкелген оқиғалар еді. Хамидолла қобызын қолға алып, мұңды күйін сарнайтын. Қобызы сарнаса көңілден ызалы үн ере шығатын.

Қара түнде қызықты,

Өтемін бе көре алмай.

Күрмеулі тіл, күйзең күй,

Бердің неге, ой, Алла-ай!

Жүремін бе телміріп,

Қақ іздеген маралдай.

Қайран менің серігім,

Қарағайдың түбінен,

Қайырып алған қобызым!

Тобылғының түбірнен,

Үйіріп алған қобызым, – деп түйдек-түйдек қасірет зары аңызақ желге қосылып қарауытқан қияны күңірендіретін. Оған Кеңестік жүйенің дін өкілдеріне қарсы ашқан күресі, саяи бағдары да өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Кеңес одағында 1921 жылы құдайсыздар қоғамы құрылып,  «Безбожинк» атты газет жарық көре бастады. 1924 жылдан бастап «Атеист», «Құдайсыздар одағы» секілді ұйымдар пайда болды. 1929 жылы ол ұйым «жауынгерлік құдайсыздар одағы» болып қайта  құрылды. 1930 жылдары жергілікті жердегі дін өкілдері әлеуметтік қауіпті элемент және антисоветтік пиғылдағы адамдар» ретінде қуғын көріп, жер аударыла бастады. Қазақстан үкіметі 1930 жылдың қыркүйегінде ауылдардан уақытша түрмелер ашуға рұқсат берді. «Примирительные камеры» деп аталған бұл түрмелерде кеңес үкіметіне қарсы деп танылған байлар мен орта шаруалар, діндарлар қамалды. «Сопы» секілді арнайы операциялар ұйымдастырылып, елдің түкпір-түкпірінде жекелеген істер де ашылып жатты. Хамидолла да осы уақытта қуғын-сүргінге ұшырап, бақсылықпен айналысуын қояды. Өзінің арнайылап жасатқан қобызын Тосын құмына апарып жасырып қояды. Өзі қамаудан босап шыққанмен, әрбір басқан қадамы аңдуда болады. 1934 жылы Торғай ауданында әлеуметтік жат элемент деп танылып, сайлау құқығынан айрылған 48 адамның қатарында Хамидолла да болды. Одан бөлек бақсылық құрған Әмірғалиев Қалмағамбет пен Кәрібаев Зәкария да сайлау құқығынан айрылған.

Хамидолла бұл уақытта қобызын жасырып тастаса да қысылып келген көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруден бас тартпаған. Сол жылдары Торғайдан колхоздың 100 өгізін Жаманқалаға апарып етке тапсырып келген төрт жігіт, қайтар жолда арақ ішіп, колхоздың ақшасын жоғалтып алыпты. Бір-біріне «сен алдың, сен алдыңмен» төпелесіп Торғайға келген соң, «ақшаны таппасақ сотталамыз» деп Хамидоллаға келіп, мән-жайды айтып көмек бер деп жалынады. Бақсы «мен ондайды қойдым ғой, қазір заман жаман» деп жауап береді. Жаны қысылған жігіттер жылап-еңіреп «тым болмаса қайсымыз алғанымызды айтып» бер деп аяғына жығылады. Ақыры шай ішіп отырғанда Хамидолла «домбырамды әперші» дейді де, киіз үйдің түндігін ашқызып қояды. Өзі  домбырасын қағып отырып сарын айтып, зікір салады. Сол кезде киіз үйдің шаңырағынан ақша салынған әмиян гүрс етіп ортаға түседі. Ашып қараса ақша түгел, тек әмиянның бір жағы күнге күйіп кетіпті. Хамидолла ақшаны тауып берген соң, жігіттерге мұны ешкімге айтпаңдар деп тапсырыпты. Міне, өзі қысылтаяң күндерде жүрседе Хамидолла бақсы әлгіндей жаны қысылған жандарға көмек беріп тұрады. Хамидоллаға қатысты бұл әңгімеден оның сарын айтып, зікір салуға қобыз ғана емес, домбыра аспабында қолданғанын білеміз. Әдетет бақсылар жайлы айтылса көбіне оны қобыз аспабымен байланыстырып жатады. Дегенмен негізі көмекші құралы ретінде қобызды ұстаса да, домбырамен зікір салған бақсылар жайында деректерде кездесіп қалып жатады. Мысалы, «Тургайская газетаның» 1895 жылғы 45-ші санында шыққан «О способах лечения у киргизов» атты мақалада Танабай Қосгелдин  атты бақсының домбыра тартып адам емдегені туралы жазылыпты. Шындығында қасиет қобыз бен  домбырада емес, оның иесінде болса керек.

Хамидолланың қобызын қолға қайта алған шағы 1935 жыл. Ол бұл жолы бақсы ретінде емес, қобызшы өнерпаз ретінде Торғайда ашылған көркемөнерпаздар үйірмесіне шақырылып, Нұрхан Ахметбеков бастаған үлкен өнер ұжымының ортасына келіп қосылады. Аталған үйірменің құрамында сол тұстағы Торғай жұртшылығына атағы мәлім Ахметхан, Қараман Әбіқаевтар, Рафхат Кәрімов, Мәнтай Ахметбеков, Назархан Жұмабаева, Фазыл Нұркемелов, Қазбек Әбенов секілді өнерпаздар болды. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтардың арқасында бұлар үйірменің негізінде театр құрып, ең алғашқылардың қатарында «халықтық ұжым» атағын алады. Нұрхан бастаған айтулы өнерпаздардың жаңа заманға сай көзқарасының қалыптасып, мәдениеттің ұйытқысы болуына А.Жұбанов құрған филармонияның Торғай өңіріне келіп өнер көрсетуі де себепкер болған. 1936 жылы қазақ мемлекеттік филармониясын Ақтөбе облысының аумағын аралап, гастрольдік сапарда болады. Батпаққара ауданында өткен концертте Нұрхан, Құтжан, Ахметхан, Хамидола, Байғоныс сынды халық өнерпаздарымен кездесіп, олардың талабын көрген А.Жұбанов Батпаққара және Торғай ауданында филармонияның филиалын ұйымдастырған. Оның құрамына жергілікті өнерпаздар алынды. Бұл турасында 1936 жылы бүкілодақтық «Правда» газетіне «Гастроли филармонии в степных аулах» атты хабарлама мақала да шықты. Хамидолла осы филармония құрамында жүріп, 1937 жылы көркемөнарпаздар байқауына қатысып, Алматыға жолдау алады.

Алматыда республикалық көркемөнер олимпиядасында өнер көрсетіп, қобызда күй тартады. Республикалық байқауда да алдыңғы қатарлы өнерпаздардың бірі болып, мақтау грамотасымен наградталды. Хамидолла сол күннен бастап әуелі филармонияда, онан кейін Торғай колхоз-совхоз театрында үнемі сахнаға шығып өнер көрсетеді. Өкінішке қарай Торғайдағы бұл өнер ұжымдары 1946 жылы тарқатылды. Оған себеп болған Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының Қостанайда өз филиалын ашқандығы еді. 1944 жылы филармония филиалы жаңа ғана ашылғанда онда небәрі 16 өнерпаз қызмет атқарған. Оның 12-сі қатарға енді ғана алынған жас өнерпаздар болды. Осы филармония филиалының жұмысын күшейтіп, құрамын тәжірибелі әртістермен толықтыру үшін Торғай колхоз-совхоз театры тарқатылып, оның құрамындағы Байғоныс Мұхамеджанов секілді белгілі өнерпаздар облыс орталығына алдырылды. Бұл сол уақыттағы облыстағы мәдениет басшылығының жергілікті жердегі өнер ұйымдарының бағыты мен жұмыс тәсілін түсінбей, облыста ойын-сауық көрсететін бір ғана көркемөнер орны болса жетеді деген теріс ұғымынан болған еді.  Театр құрамындағы кейбір өнерпаздар Қостанайға көшкенімен, бір бөлігі елде қалып, Амангелді, Торғай аудандарында түрлі қызметтер атқара берді. Хамидолла бұл тұста Амангелді ауданының мәдени-ағарту мекемесінде қызмет атқарды. Аудандық клубтың жанындағы көркемөнершілер үйірмесін басқарды әрі домбыра-қобыз оркестрінің жетекшісі болды. 1950-ші жылдарға дейін жастарға үлгі  үйретіп, басшылық беруде ысылған тәжірибелі өнерпаздар Хамидолла мен Құтжан қобызы мен домбырасын тастамай, аудандық мәдени-ағарту мекемесі қызметкерлері де, көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері де ауылдарды аралап, колхоздардың дала бригадаларында болып үздіксіз өнер көрсетті. Осы тұста үйірмедегі әнші Нәбира Досмағамбетова, тақпақшы Бөгетбай Әлмағамбет, домбырашы Әбдіхамит Төлеуовті ел едәуір танып қалды. Дегенмен облыстағы мәдениет басшыларының жоғарыдағыдай теріс көзқарасының әсерінен Амангелді мен Торғайдағы мәдениет ұйымдарының деңгейі 1930 жылдардағы деңгейіне қайта көтеріле алмады.  Бұл турасында облыстық филармонияның әртісі Сейтім Жақыпов «Торғай колхоз-совхоз театрының таратылуына байланысты онда істеп жүрген көптеген қабілетті өнерпаздар қазір өздерінің таланттарын пайдаланбауда. Олардың ішінде облыстық ақындар айтысында бірінші орынға ие болған әнші ақын Ахметбеков Нұрхан, Қанжығалин Құтжан, Әбіқаев Ахметхан, күшті қобызшы Шәткенов Хамидолла, республикалық олимпиядаларда бірнеше рет жүлде алған қобызшы Әбенов Қазбек, актер және режиссер Есмұхамедов Ормаш сияқты тамаша әнші-күйшілер қабілетін өз орнына пайдаланбауда. Біздің ойымызша осы өнерпаздардың басын қайтадан қосып, колхоз-совхоз театрын құру қажет» деп ашына жазды [С.Жақыпов. «Облыста қазақ көркемөнерінің кейбір мәселелері». «Коммунизм жолы», №38. 15.02.1958 жыл]. Кейіннен Мейрамхан Қапышев, Болат Хамзин, Төкен Елтебаев секілді жас буынның араласуымен барып, аталған аудандардағы өнер мен мәдениет қайта жанданып, жаңғыра бастады. Бұл Хамидолла секілді өнерпаздардың жасы ұлғайып қалған шағы еді.

Хамидолла жасы елуден асқан шағында туған жеріне көшіп барады. Зейнетке шығар алдында зейнетақы көлемін ұлғайту үшін колхозда қошқар бағады. Сол кезде колхозда басқарма болған Ғалимат деген кісі Хамидоллаға қатысты мынадай бір әңгімені айтып отырады екен. Бірде ауданға Қостанайдан арнайы өкіл келіп, оны Ғалимат басқаратын колхозға жібереді. «Қанша шөп, қанша төл алдыңдар» деп тексеріп, әңгіме-дүкен құрып жүргенде сөз арасында Хамидолланың бақсылық өнері туралы да айтылып қалады. Ол «мұндай болмайды, Хамидолланың жасайтыны көз байлау» деп сенбейді. Ақыры екеуі келісе алмай, бір шетте мал бағып отырған Хамидолланың үйіне келіп түседі. Кешкі астың үстінде Ғалимат бақсыға өкіл екеуінің арасындағы әңгімені айтып, мән-жайды түсіндіреді. Хамидолла: – Әй, Ғалимат, оны қойғалы қашан? Қазір болса жасым келді, оны шақырудың өзі күшке түседі, –  дейді. Басқарма «мына кісінің алдында өтірікші болдым ғой. Тым болмаса кішкентай шетін көрсетіңізші» деп жалынады. Сонан болмаған соң Хамидолла келген өкілдің арқасынан қағып қалады. Ол орнынан атып тұрып, далаға шыға жөнеледі. Бақсы өзі шай ішіп отыра береді. Ғалимат «ойбай-ау, жанағы қайда?  Мені өлтіреді, Қақа, қайтарыңызшы» деп жалынады. Хамидолла «өзің ғой көрсет» деген деп ақырын ғана күледі де,  қолына домбырасын алып зікір сала бастайды. Сол кезде барып Қостанайдан келген өкіл үйге кіріп келіп, ұзынынан құлап түсіп, ес-түссіз қалады. Бақсы арқасынан қаққан соң ғана барып есін жияды. Не болғанын өзі түсінбей, «тезірек ат тауып беріңдер» кетемін деп, барлық есептерін түн ішінде дайындатып, Торғайға жүріп кетеді. Торғайға келген соң Ғалимат «енді бұл жаққа менің күшім келмейді» деп таң атқанша күтеді. Кетейін десе әлгі өкіл орыс жібермейді. Сонан таң атқан соң, кеңсеге барып керекті қағаздарын дайындатып, Қостанайға жолға шығып кетеді. Ғалимат кейін осы әңгімені айтып «өзім айтамын деп өзім бәлеге қалдым» деп күліп отырады екен.

Хамидолла қобызын күңірентіп, сарын айтып, зікір салған уақытында қойнынан жылан өргізіп, қолын сілтеген жақтағы киізді тіліп жіберетінін көзі көргендер бертінге дейін айтып жүретін. Ол ел алдында осындай керемет істер көрсетуімен бірге күй тартып, қобызшылық дәстүрді кейінгі буынға жеткізген ірі өнерпаздардың бірі болған жан. Өңіріміздегі қобызшылардың ең соңғы ірі өкілі Қазбек Әбенов «Торғайдан шыққан Хамидолла деген қобызшының шығармашылығы ескерусіз келеді» деп өнер зерттеушілеріне базына етіп айтқанын Р.Әбеуова «Қазақта қобызшының қалғаны сол» атты мақаласында атап көрсетіпті.

Бақсылық өнерімен, қобызшы күйшілігімен, көремөнерпаздарды ұйымдастырып мәдениет ұйытқысы болуымен ел есінде қалған Хамидолла Шәткенов 1965 жылы дүние салды. Оның артында Қибат атты ұлы қалды. Қибаттан туған Абыз, Қобыз есімді немерелері бар. Хамидолладан қалған тылсым қасиеттер осы ұрпақтарының бойынан да көрініп қалып жататын. Абыз Арқалық қаласында электрик болып жұмыс істеп жүргенде, ақау шыққан жерлерді электр тоғын ағытпай-ақ жалаң қолмен ұстап, дұрыстай беретін еді. Қасық, пышақ секілді шағын көлемдегі металл бұйымдар үстіне магнитше жабысатын. Хамидолла секілді тылсым әлемнен хабары бар, елден ерек қабілет-қасиеттері бар осы ұрпақтары ертерек дүние салып, қасіретті жағдайда өз өмірлерімен қоштасты. Ата жолын жалғап, қасиетін қастерлеп ұстанғанда басқаша болар ма еді деп те ойлайсың… Не десек те тылсым дүниеден хабар алып, түрлі кереметтер көрсете білетін ғажайып қасиет иелеріне аса ыждаһатпен, құрмет пен әрі үреймен қарайтын қазақ баласы үшін бақсылық құбылыс ешбір күмән тудырмас құдірет болып келгені анық. Оның астар сырын, құпия жұмбағын меңгерген Хамидолла секілді бақсыларға қатысты әңгімелердің ел ішінде толассыз айтылып келе жатқаны осы сөзіміздің айғағындай көрінеді.

Батырлан САҒЫНТАЕВ,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *